ҚР Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу тәртібі
(аманаттық мандат)
Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы N 2529 Конституциялық заңы.
13-2-тарау. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу
Ескерту. Конституциялық заң 13-2-тараумен толықтырылды – ҚР 05.11.2022
№ 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа
енгізіледі) Конституциялық заңымен.
113-12-бап. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау1. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу үшін бастама жасауға сайлаушылардың сенімін жоғалту, оның ішінде сайлау алдындағы бағдарламаны орындамауға байланысты сенімін жоғалту негіз болып табылады.
2. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау депутат жұмыс істеген бірінші жыл және соңғы жыл ішінде қолданыла алмайды.
Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға қайта бастама жасауды депутаттың мандаты сақталатын, дауыс беру қорытындылары жарияланған кезден бастап бір жыл өткенге дейін қолдануға болмайды.
3. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау құқығы тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушыларына тиесілі.
113-13-бап. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау және бастамашы топты қалыптастыру тәртібі1. Тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушысы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу туралы өтінішпен тиісті аумақтық сайлау комиссиясына осындай кері шақырып алуға бастама жасау негіздерін баяндай отырып, жүгінеді.
2. Сайлау комиссиясы өтінішті осы Конституциялық заңның 113-14-бабының және осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарап шығып, бастамашыны және жоғары тұрған комиссияны өтінішті тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы үш күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Өтінішті тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он күн ішінде бас тарту бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Аумақтық сайлау комиссиясы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша қол жинау үшін қол қою парақтарын өзінің интернет-ресурсында орналастырады, олардың нысанын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.
113-14-бап. Қол жинау тәртібі мен мерзімдері1. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу үшін азаматтардың қолын жинауды бастамашы тиісті аумақтық сайлау комиссиясында өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымдастырады.
2. Қол жинау мерзімі аяқталғаннан кейін:
1) қойылған қолдар саны тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының он пайызынан астам болған кезде бастамашы қол қою парақтарын тиісті сайлау комиссиясына ұсынады;
2) қойылған қолдар саны тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының он пайызына жетпеген не тиісті сайлау комиссияларына қол қою парақтары ұсынылмаған кезде тиісті сайлау комиссиясы қол қою парақтарын жарамсыз деп тану, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу жөніндегі қызметті тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Тиісті сайлау комиссиялары құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін тарта отырып, қол қою парақтарындағы осы бірмандаттық аумақтық сайлау округі азаматтары қолының және тұрғылықты жерінің дұрыстығын он күн ішінде тексереді.
3. Әрбір азамат қол қою парағына тек бір рет қана қол қоюға құқылы. Азаматтың қолы оның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тіркеу орны, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері және параққа қол қою күні толық көрсетіле отырып толықтырылады.
4. Белгіленбеген үлгідегі қол қою парақтары жарамсыз болып табылады.
Осы баптың талаптары бұзыла отырып толтырылған қол қою парақтары дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.
113-15-бап. Дауыс беруді өткізу тәртібі мен мерзімдері1. Тиісті сайлау комиссиясы ұсынылған қол қою парақтары осы Конституциялық заңның 113-14-бабының талаптарына сәйкес келген кезде дұрыстығын тексеру мерзімі өткен соң бір күннен кешіктірмей, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды.
2. Тиісті сайлау комиссиясы дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатқа оны кері шақырып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы хабарлама жібереді.
3. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беру – дауыс беруді тағайындау туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Тиісті сайлау комиссиясы дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатқа және оны кері шақырып алу бастамашысына:
бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Парламент Мәжілісінің депутатын кері шақырып алуға қатысты үгіт жүргізу құқығын – күнтізбелік бес күн ішінде;
бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған мәслихат депутатын кері шақырып алуға қатысты үгіт жүргізу құқығын күнтізбелік үш күн ішінде береді.
113-16-бап. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беру тәртібі1. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу дауыс беруді өткізу арқылы жүзеге асырылады.
2. Дауыс беру осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, депутаттарды сайлау сияқты тәртіппен өткізіледі.
3. Егер дауыс беруге тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының кемінде үштен бірі қатысса, дауыс беру өткізілді деп есептеледі.
4. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат, егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астамы оны кері шақырып алуға дауыс берсе, кері шақырып алынған болып есептеледі.
5. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Парламент Мәжілісінің немесе мәслихаттың депутатын кері шақырып алу бойынша дауыс беру қорытындылары тиісінше Орталық немесе аумақтық сайлау комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді, оған комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы және мүшелері қол қояды.
Сайлау комиссиясының бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу туралы ресми хабары дауыс беру өткізілген күннен бастап үш күн мерзімнен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
6. Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат кері шақырылып алынған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы осы Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес депутаттарды сайлауды тағайындайды.