МЕНЮ

Өмірбаяны


Мен 56 жастамын. Мен 4 баланың әкесімін және екі жиен немерем бар. Жұбайым Гүлжанмен отбасын құрғанымызға 33 жыл болды.
Алматы қаласының тумасымын. 1984 жылы қаламыздың N36 орта мектебін тәмамдадым. Сосын Алматы сәулет-құрылыс институтына түсіп, оны 1991 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша білім алып, бітірдім.
Бірінші курстан кейін КСРО ҚК қатарына әскери борышымды өтеуге кеттім.

Студенттік жылдары, яғни 1989 жылы 23 жасымда алғаш өткен баламалы сайлауда Алматы қалалық Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайландым. Депутат-әріптестер маған жастар комиссиясын, дене шынықтыру және спорт, ауған соғысының жауынгерлері жөніндегі комиссияны басқаруды сеніп тапсырды. Сонымен қатар әкім жанындағы Қала Кеңесінде мүше болдым.
1989 жылы киелі Тайқазанымыздың Санкт-Петербургтен Қазақстанға қайта оралуына тікелей ат салыстым.
1991 жылы институтты бітіргеннен кейін Алматы қор биржасында еңбек жолын бастадым. Содан кейін достарыммен бірге өз компаниямызды құрдық. Сол кезден бастап мен кәсіпкерлікпен белсенді айналысып келемін.
1997 жылы серіктестеріммен бірге корпоративтік клиенттер үшін Қазақстанның автожанармай құю нарығында "Alacard" смарт-картасының жобасын құрып, іске асырдық.
Alaсard жобасы 25 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді.
Айта кетейін, біз Қазақстанның қаржы және жанармай нарығында смарт-карталарды ең бірінші болып енгізген алғашқы қарлығаштар едік.

2000-шы жылдардың басында еліміздің мұнай-газ саласында, алдымен энергетика және минералдық ресурстар Министрлігі жанындағы Мұнай-газ кешенінің бас диспетчерлік басқармасы РМК директорының бірінші орынбасары, содан кейін ҚазТрансОйл ЖАҚ Корпоративтік даму департаментінің басшысы болып қызмет жасадым.
Депутаттық және қоғамдық жұмыстардан басқа, мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау саласында да қызмет атқардым.
Қазақстан өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы ЗТБ президенті, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бірінші директоры және Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, Атамекен ҰКП төралқасының мүшесі болып сайландым.
2016 жылы екінші рет Жетісу ауданының 25 сайлау округі бойынша Алматы мәслихатының депутаты болып сайландым, бірақ 2019 жылы өз еркіммен қызметтен кетіп қалдым.
2000 жылдан бастап Нұр Отан партиясының мүшесі болдым, алайда 2019 жылы ҚР Президенті сайлауынан кейін партияның сол кездегі практикалық бағытымен келіспегендігімнен және елде болып жатқан бейбіт демонстранттарға қарсы қатаң қуғын-сүргінге наразылығымды білдіріп, партия қатарынан ресми түрде шықтым. Бұл туралы өзімің әлеуметтік желілердегі парақшаларымда ашық жаздым.
Партияның айтқанына көнбіс, дауыс шығармай тымпиып отыра беретіндердің қатарында болғым келмеді. Ол жерде өзімді жат сезіндім. Ар-ұжданым, намысым жібермеді.
Бұл неге әкеп соқтырғанын біз 2022 жылдың қаңтарында өз көзімізбен көрдік.

Бар күш-қуатымды, мүмкіншілігімді қайырымдылық қызметіне жұмсадым. Қазір "Парыз"қоғамдық қайырымдылық қорын басқарамын.
Біздің қорымыз балаларға арналған қымбат отаны жасатып, көмек көрсетуге бағытталған көптеген қайырымдылық іс-шаралар мен акцияларды жүзеге асырды.
Осы қордың бастамасымен және қолдауымен еліміздің мәдениет саласында да көптеген жобалар іске асырылды. Мысалы, Қазақстан тарихында алғаш рет Лондондағы аты аңызға айналған Abbey Road студиясында "Тhe Magic of Nomads" тобы қазақ халық аспаптарымен ағылшындарды таныстырып, бірнеше туындыларды жаздырды.
Менің ниеттес достарымның бастамасымен бірігіп жасаған елімздегі халықтар арасындағы достықты нығайтуға, дамытуға бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шаралардың қатарында Қазақстан халқының ұлттық тағамдарының фестивалі - "Тойқазанды"айрықша атап өткім келеді.
Алматы қаласының тумасы болғандықтан қаламыздың экология мәселелеріне көп көңіл бөлуге тырысамын.
Мен 10 жыл бойы дәстүрге айналған "Alma-Qala" алма ағаштарын отырғызу акциясының ынтагері және ұйымдастырушысымын. Тәуелсіз сарапшы ретінде ТЭЦ-2-ні "АлЭС" компаниясының табиғи газына көшіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауларда модератор ролін атқардым.

Бизнес пен қоғамдық жұмыстардан басқа, шығармашылықпен де айналысамын; өлең мен музыка жазамын. Алматылықтар менің "Центр Алматы" әнімді жақсы біледі, ал Нұрлан Абдуллиннің орындауындағы "Мен сенімен қаламын" әнінің авторы мен боламын. Бұл ән Азия Дауысы фестивалінде қазақстандық ән байқауының жеңімпазы атанды.
"Абырой" Республикалық авторлық қоғамының Авторлық кеңесін құрушылардың бірі болдым. Кейін осы қоғамды басқардым.
Авторлық қаламақылардың адал және әділ бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында оның базасында цифрлық авторлық қоғам құруды жоспарлап, осы бастаманы іс жүзіне асыруға тырыстым.
Мен әрқашан спортпен шұғылданамын, каратэмен айналысамын, футбол ойнаймын, жаяу серуендегенді ұнатамын.

Неліктен мен қайтадан Парламент Мәжілісіне қатысуға шешім қабылдадым?- деген сұраққа жауап беруге тырысайын.
Жоғарыда сипатталған өмірімбаянымнан менің әрқашан қоғамдық өміріге белсенді қатысқанымды танып білуге болады.
Бүгінде мен кандидат ретінде сайлауға қатысамын, өйткені мен сияқты адамдардың, яғни батыл қадам жасайтын, уақыт елегінен өткен, жылдар бойы нақты істерімен көзге түскен мықты тұлғалардың заманы келді. Ерден ердің несі артық? Істеп жүрген ісі артық - дейді халық даналығы.

Мен әділетті, болашағы жарқын, мықты демократиялық Қазақстанға сенемін!
Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып қана елімізге өзгеріс енгізе аламыз!

Ізгі ниетпен, Ерлан Стамбеков

Made on
Tilda